ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ

Ту – мемлекеттің егемендігі мен бірегейлігін бейнелейтін басты рәміздерінің бірі. «Ту» термині голландтың «vlag» сөзінен шыққан. Ту – діңгекке немесе бауға бекітілген, әдетте елтаңба немесе эмблемасы бар белгіленген өлшемдері мен түстері бар мата. Ту ежелден ел халқын біріктіріп, белгілі бір мемлекетпен сәйкестендіруге қызмет еткен.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы ресми түрде1992 жылы қабылданды. Оның авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында сәулелері бар күн, оның астында қалықтаған қыран (алтын қыран) бейнеленген төртбұрышты, көк түсті мата. Ту тұғырында ұлттық ою – өрнек салынған тік жолақ бар. Күн, оның сәулесі, қыран құс, ұлттық ою – өрнек алтын. Тудың енінің ұзындығына қатынасы 1:2.

Геральдикалық дәстүрлерде әр түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Мысалы, көк түс шыншылдықты, адалдықты және мінсіздікті білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер әрқашан көкті өзінің тәңір атасындай қастерлеген, ал олардың көк туы ата – бабасына адалдықты білдіретін. Қазақстанның мемлекеттік туында ашық аспан, бейбітшілік пен береке, ал бір түсті фон еліміздің бірлігін білдіреді.

Геральдикалық канондарға сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмір мен энергияны білдіреді. Сондықтан да ел туындағы күн сәулесі дәнге ұқсап, береке мен амандықтың белгісі. Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріндегі күннің суреті оның жалпы адамзаттық құндылықтарға адалдығын растайды және жаңа, жас мемлекеттің өмірді қуаттайтын энергияға толы екенін және барлық елдермен серіктестік пен ынтымақтастыққа ашық екенін көрсетеді.

Бүркіт бейнесі көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларынада ежелден қолданылып келе жатқан негізгі геральдикалық атрибуттардың бірі болып табылады. Бұл бейне әдетте биліктің, көрегендіктің және кеңпейілдіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттарға ұмтылысын және тұрақты болашаққа деген сенімін білдіреді. Еуразиялық көшпелілердің дүниетанымында бүркіт бейнесі ерекше орын алады. Ол олар үшін еркіндік пен адалдық, ар – намыс пен батылдық, қуат пен ой тазалығы сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Алтын түстес бүркіттің стильдендірілген бейнесі жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биіктеріне ұмтылысын көрсетеді.

Мемлекеттік тудың маңызды элементтерінің бірі – оның сабы тұсында орналасқан ұлттық өрнек бейнеленген тік жолақ. Қазақтың ұлттық өрнегі – халықтың эстетикалық талғамына сай дүниені көркемдік тұрғыда қабылдаудың ерекше түрлерінің бірі. Әртүрлі пішіндер мен сызықтардың үйлесімінен тұратын бұл өрнек алықтың ішкі дүниесін танытудың көркем құралы болып табылады. Ту сабы бойындағы ұлттық өрнек Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін білдіреді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ

Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Елтаңба» термині неміс тіліндегі «erbe» (мұра) сөзінен шыққан және мұрагерлік айырым белгісін – символдық мән берілетін фигуралар мен заттардың үйлесімін білдіреді.

Тарихи деректер бойынша, қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген қола дәуірінің көшпелілері өздерін ерекше белгі – тотем арқылы таныған, оның графикалық бейнесі кейін «таңба» атауына ие болды. Бұл термин алғаш рет Түрік қағанаты кезеңінде қолданыла бастады.

Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы шеңбер (дөңгелек) пішінінде жасалған – бұл Ұлы дала көшпелілері ерекше құрметтеген өмір мен мәңгіліктің белгісі.

Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түсті аяда бейнеленген шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезді бөлігі), одан күн сәулесіндей жан-жаққа уықтар тарайды. Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты тұлпарлардың бейнесі орналасқан. Жоғарғы бөлігінде көлемді бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» жазуы бейнеленген. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, мифтік тұлпарлардың және «Qazaqstan» жазуының бейнесі алтын түспен орындалған.

Шаңырақ – киіз үйдің негізгі жүйеқұраушы бөлігі, пішіні жағынан аспан күмбезін еске салады және еуразиялық көшпелілердің дәстүрлі мәдениетіндегі тіршілік ұйымдастырудың маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Республика Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елде тұратын барлық халықтар үшін ортақ үй мен біртұтас Отанның символы. Қазақстанның тұрақты дамуы әрбір азаматтың әл-ауқатына байланысты, дәл сол сияқты шаңырақтың беріктігі мен тұрақтылығы оның барлық уықтарының мықтылығына тәуелді.

Мемлекеттік елтаңбадағы қанатты мифтік тұлпарлар – негізгі геральдикалық элементтердің бірі. Ат бейнесі ежелден батырлық, адалдық және күш сияқты ұғымдарды білдіреді. Қанаттар Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты әрі гүлденген мемлекет құру жөніндегі ғасырлар бойғы арманын білдіреді. Олар ізгі ниет пен үздіксіз жетілуге және жасампаздық дамуға ұмтылысты көрсетеді. Тұлпарлардың алтын қанаттары алтын масақтарды да еске салады және қазақстандықтардың еңбекқорлығын, елдің материалдық әл-ауқатын білдіреді.

Өткен ғасырларда мүйіздер көшпелілердің діни рәсімдерінде, сондай-ақ жауынгерлік тулардың ұшар басы ретінде кеңінен қолданылған. Әртүрлі жануарлардың мүйіздері түріндегі аспанның игілігі, жердің құнарлылығы және жауынгерлік сәттілік бейнелері әртүрлі халықтардың символикалық композицияларында маңызды орын алған. Осылайша, молшылық мүйізі бар қанатты тұлпар – терең мағыналық және тарихи тамыры бар маңызды типологиялық бейне болып табылады.

Республика Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір элемент – бесбұрышты жұлдыз. Бұл белгі адамзат тарихында ертеден қолданылып келеді және адамдардың ақиқат нұрына, биік мұраттар мен мәңгілік құндылықтарға ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбадағы жұлдыз бейнесі қазақстандықтардың барлық әлем халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестікке ашық мемлекет құру ниетін көрсетеді. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың барлық өкілдеріне ашық.

Мемлекеттік елтаңбада қолданылатын негізгі түс – алтын түс, ол байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің белгісі болып табылады. Сонымен қатар, алтын түспен үйлесетін Тудың түсі – көгілдір түс бар, ол ашық аспанды, бейбітшілік пен әл-ауқатты білдіреді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘНҰРАНЫ

Гимн – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Гимн» терминінің өзі грек тіліндегі «gimneo» сөзінен шыққан және «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарының әлеуметтік-саяси бірігуі мен этномәдени сәйкестігін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ерекше дыбыстық рәміз болып табылады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында мемлекеттік гимн екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Республика мемлекеттік егемендік алғаннан кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне конкурс жарияланды. Конкурс қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, алғашқы қазақстандық гимннің музыка авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Үздік мәтінге жарияланған конкурста сондай-ақ белгілі ақындардан құралған авторлық ұжым жеңіске жетті: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаева.

Елдің дыбыстық рәміздерін кеңінен насихаттау мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізіне халық арасында кең таралған патриоттық «Менің Қазақстаным» әні алынды. Бұл ән 1956 жылы Шәмші Қалдаяқовтың әуенімен, Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған. Әнге мемлекеттік гимн мәртебесін беру және оған салтанатты сипат дарыту мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастапқы мәтінге өзгерістер енгізді. Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2006 жылғы 6 қаңтарда «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзетулер енгізіп, елдің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!